Екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынбайтын болды

Балаларына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынбайтын болды. Бұл жөнінде «КИПР» сарапшылар тобы өткізген дөңгелек үстел барысында хабарланды. Бұдан бұрын Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арнайы заңжоба әзірлеп, онда вакцинаға қарсы шыққан ата-аналарға 22 мың теңге айыппұл салуды көздеген болатын. Алайда ведомство қоғамдық талқылау жүргізіп, денсаулық сақтау министрлігімен кеңесе келе бұл жағдайды әзірленіп жатқан құжаттан алып тастаған.

Алматы қаласының тұрғыны Мөлдір Қадірбекова баласына екпе егуге түбегейлі қарсы. Жас ана буыны бекіп, бұғанасы қатып үлгермеген 8 айлық ұлының денсаулығы вакцинаға қаншалықты төтеп бере алатынын білмейді. Оның үстіне дәрігерлер екпенің құрамы мен сапасы, оның ағзаға тигізер кері әсері жөнінде толық ақпарат бермейді -дейді ол. Келіншек бала науқастанып қалған жағдайда жауапкершілікті өз мойынына алмас үшін, педиатрлар алдын-ала қолхат жаздырып алатынына да наразы.

МӨЛДІР ҚАДІРБЕКОВА, ата-ана:

— Әр балаға индивидуалды түрде сарапталып тоқталмайды. Екпе салмас бұрын оның анализдерін алу керек, қан тапсыру керек, оның бәрі өткізілмей, бірден барлық балаларға бір екпені сала береді. Ол баланың дәл сол екпеге аллергиясы бола ма, болмай ма немесе сол екпені көтере алады ма, көтере алмайды ма ол мәселе қаралмайды.       

Бүгінгі күні елімізде 21 түрлі ауруға қарсы вакцина егіледі. Бұл шараға республика бюджетінен 30 миллиард теңге шығындалады екен. Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық мониторингтеу департаментінің мамандары екпелердің негізгі қоры Еуропа елдерінен алынатынын, олардың дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификацияланып, елімізде тіркеуден өтетінін айтуда.

АЙНАГҮЛ ҚУАТБАЕВА, жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық мониторингтеу департаменті директорының орынбасары:

— Медицина ғылымдарының мамандарының айтуына қарағанда және біздің байқауымызға қарағанда, ДЦП ауруымен вакцинацияның ешқандай бір-біріне байланысы жоқ. Сол сияқты аутизм ауруының да вакцинациямен ешқандай байланысы жоқ.        

Соған қарамастан елімізде жасы кәмелетке толмаған балаларына екпе жасаудан 11 мыңға жуық ата-ана бас тартып отыр. Вакцина сапасына күмәнданатындармен қатар, олардың арасында діни көзқарас бойынша баласына екпе жүргізбеген ересектер бар. Оған имамдар вакцинация құрамында шариғатқа қарсы келмейтін, харам заттар болмаса, бала денсаулығын түрлі індеттен қорғау үшін одан бас тартпауымыз керек -деп отыр.

Жанар Жолтаева, Сергей Шуйский.

Похожие новости

В ходе спецоперации на юге Казахстана задержаны 29 человек

В ходе спецоперации на юге Казахстана задержаны 29 человек

Минувшей ночью в Алматы произошло землетрясение

Минувшей ночью в Алматы произошло землетрясение

В Астане в многоэтажном доме сорвался лифт с пассажирами

В Астане в многоэтажном доме сорвался лифт с пассажирами
 
Комментарии